Қытайды Зерттеу Орталығы Қытайдың ең ірі ұлттық білім базасы болып табылатын CNKI (China National Knowledge Infrastructure, 中国知网) делегациясын қабылдады. Делегацияға Tongfang Digital компаниясының Бас директордың орынбасары Ян Сяохуэй мырза (Yang Xiaohui) жетекшілік етті.
Кездесу барысында ғылым, білім беру және талдамалық зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі бойынша мазмұнды пікірталас өтті. Әсіресе академиялық диалогты кеңейту, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру, жарияланымдар мен талдамалық материалдар алмасу, сондай-ақ қазақстандық ғалымдар мен сарапшыларға Қытайдағы қазіргі үдерістерді зерттеуде жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
CNKI – ғылымның барлық салаларын қамтитын Қытайдың жетекші электрондық деректер қоры. Оның қорында миллиондаған жарияланымдар бар: ғылыми журналдар, диссертациялар, монографиялар, конференциялар жинақтары, анықтамалықтар және статистикалық материалдар. CNKI зерттеушілер мен ғылыми орталықтарды өзекті ақпаратпен қамтамасыз етуде басты рөл атқарады және Қытайдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістерді талдаудың маңызды құралы болып табылады.
CNKI делегациясының Қытайды Зерттеу Орталығына сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және сараптамалық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. CNKI-пен ынтымақтастық қазақстандық мамандардың жаһандық академиялық кеңістікке ықпалдасуына кең мүмкіндіктер ашады және екі ел арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге ықпал етеді.
Қытайды Зерттеу Орталығы