СОҢҒЫ
МАҚАЛАЛАР

Басты • Аналитика • Жасанды интеллект жаһандық басқарудың жаңа бағыты ретінде: Қытайдың тәсілдері және Қазақстан мен Орталық Азия үшін мүмкіндіктер

Жасанды интеллект жаһандық басқарудың жаңа бағыты ретінде: Қытайдың тәсілдері және Қазақстан мен Орталық Азия үшін мүмкіндіктер

Жасанды интеллект әлемдік экономикаға, халықаралық бәсекеге қабілеттілікке және жаһандық басқаруға ықпал ететін маңызды факторға айналуда. Алайда мемлекеттердің жаңа технологияларды әзірлеу, енгізу және реттеу мүмкіндіктері біркелкі емес.

Дамушы елдер үшін басты міндет тек ЖИ технологияларына қол жеткізу емес, оларды дербес бейімдеу, қолдану және реттеу әлеуетін қалыптастыру. Бұл есептеу инфрақұрылымын, кадрларды, ұлттық деректер қорын және халықаралық стандарттарды әзірлеуге қатысуды қамтиды.

Осы тұрғыдан Қытайдың ЖИ саласындағы халықаралық ынтымақтастық тәсілі ерекше назар аудартады. 2026 жылы Сюнъаньдағы Жаһандық басқару форумында Жасанды интеллект саласындағы жаһандық инновациялық басқару орталығы (CGAIG) дайындаған Progress Report on the AI Capacity-Building Action Plan for Good and for All баяндамасы ұсынылды.

Құжат Қытай бастамашы болған бағдарламаның алғашқы екі жылдағы нәтижелерін қорытындылап, технологиялық теңсіздікті азайту үшін инфрақұрылымды, кадрларды, деректерді және ұлттық басқару тетіктерін кешенді дамыту қажеттігін көрсетеді.

ЖИ саласындағы жаһандық алшақтық

Баяндама ЖИ технологияларының таралуы мемлекеттер арасындағы теңсіздікті өздігінен азайтпайтынын көрсетеді. Тиісті инфрақұрылым мен институционалдық әлеует болмаған жағдайда технологиялық артықшылықтар одан әрі шоғырлануы мүмкін.

Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, жоғары табысты елдерге коммерциялық дата-орталықтардың әлемдік қуатының 77%-ы, ЖИ модельдерінің 87%-ы және венчурлық инвестициялардың 91%-ы тиесілі. Африканың үлесі дата-орталықтар қуатының 1%-ына жетпейді.

Төрт негізгі шектеу анықталған: цифрлық және өнеркәсіптік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі; машиналық оқыту, деректерді талдау және киберқауіпсіздік мамандарының тапшылығы; тілдік және деректер ресурстарының тең бөлінбеуі; тәуекелдерді бағалау, модельдерді тестілеу және деректерді қорғау саласындағы реттеушілік әлеуеттің әлсіздігі.

Бұл мәселелер ЖИ-ді ауыл шаруашылығына, энергетикаға, көлікке, денсаулық сақтауға және мемлекеттік басқаруға енгізуді қиындатады. Сонымен қатар көптеген ұлттық тілдер озық модельдердің оқыту деректерінде жеткіліксіз қамтылған.

Демек, жаһандық алшақтық технологиялардың қолжетімділігімен ғана емес, мемлекеттердің цифрлық даму бағытын дербес айқындау қабілетімен де байланысты.

Қытай бағдарламасы: бес бағыт және он іс-қимыл

2024 жылғы қыркүйекте Қытай AI Capacity-Building Action Plan for Good and for All бағдарламасын ұсынды.

Ол бес бағытты қамтиды: цифрлық және ЖИ инфрақұрылымын байланыстыру; «AI Plus» арқылы технологияларды экономика мен әлеуметтік салаға енгізу; ЖИ сауаттылығы мен мамандар даярлауды дамыту; деректер қауіпсіздігі мен әртүрлілігін қамтамасыз ету; ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыру.

Бұл бағыттар технологиялық ынтымақтастық, салалық қолданбалар, жасыл даму, ашық платформалар, білім беру, кадр даярлау, цифрлық инклюзия, тілдік ресурстар, деректерді басқару және қауіпсіздік бойынша он практикалық іс-қимылмен толықтырылған.

Бағдарламаның ерекшелігі технологияларды берумен шектелмей, оларды дербес пайдалануға қажетті ұлттық әлеуетті дамытуында.

Мысалы, медициналық деректер, мамандар және жеке ақпаратты қорғау тетіктері болмаса, тілдік модельді денсаулық сақтау жүйесінде тиімді пайдалану қиын. Сол сияқты ғылыми зерттеулерсіз, инженерлік кадрларсыз және қолданбалы шешімдерге сұраныссыз дата-орталықтар ұлттық ЖИ индустриясын қалыптастыра алмайды.

Бастамадан халықаралық тетіктерге дейін

2024 жылғы шілдеде БҰҰ Бас Ассамблеясы Қытай ұсынған A/RES/78/311 «Жасанды интеллект саласындағы әлеуетті арттыру ісінде халықаралық ынтымақтастықты нығайту» қарарын консенсуспен қабылдады. Оған 143 мемлекет тең автор болды.

Қарар технологиялық алшақтықты қысқарту, ұлттық басымдықтарды құрметтеу және дамушы елдердің білім мен технологияларға қолжетімділігін кеңейтуді көздейді.

2024 жылғы желтоқсанда Қытай мен Замбия БҰҰ жанындағы ЖИ әлеуетін арттыру бойынша халықаралық ынтымақтастық достары тобының алғашқы отырысын өткізді. Бұл тетік мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды, ғылыми мекемелерді және компанияларды біріктіріп, дамушы елдердің қажеттіліктерін қолда бар ресурстармен байланыстыруға арналған.

Келесі қадам Жасанды интеллект саласындағы дүниежүзілік ынтымақтастық ұйымын (WAICO) құру болды. Баяндама бойынша 2026 жылғы 16 шілдеде Шанхайда тиісті құжатқа қол қою рәсімі өтті. Қазақстан алғашқы қатысушылар қатарында болды, кейін құрылтайшы мемлекеттер саны 38-ге жетті.

Штаб-пәтері Шанхайда орналасқан ұйым технология алмасуға, халықаралық ынтымақтастыққа және ЖИ-ді қауіпсіз әрі әділ пайдалануға бағытталған.

Қазақстан үшін бұл сарапшылық желілерге қосылу, стандарттарды талқылау және бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндігі. Дегенмен ұйымның тиімділігі оның құрылымына, қаржыландыруына, қатысушылар міндеттемелеріне және шешім қабылдаудағы теңдікке байланысты болады.

Ашық технологиялар және цифрлық алшақтық

Қытай бағдарламасында ашық модельдер мен бағдарламалық шешімдер маңызды орын алады.

Бейжің жасанды интеллект академиясы, университеттер және жабдық өндірушілер қатысқан FlagOS платформасы 21 өндірушінің жабдығын қолдайды. Баяндамаға сәйкес, ол кең таралған ашық ірі модельдердің 90%-дан астамын әртүрлі аппараттық платформаларда орналастыруға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар саны шамамен 200 мың.

Мұндай шешімдер аппараттық тәуелділікті және есептеу шығындарын азайтып, озық процессорларға қолжетімділігі шектеулі мемлекеттерге қосымша мүмкіндік береді.

Алайда ашық код технологиялық тәуелсіздікке кепілдік бермейді. Жергілікті әзірлеушілер, есептеу ресурстары, тұрақты қаржыландыру және қауіпсіздікті тәуелсіз бағалау қажет.

Практикалық жобалар

Баяндамада бағдарламаны іске асырудың он тақырыптық мысалы келтірілген.

Көлік саласында Huawei мен Оңтүстік Африканың Жолаушылар теміржол агенттігі (PRASA) үлкен деректер және DeepSeek модельдері арқылы теміржол жұмысын басқару мен техникалық қызмет көрсетуді жетілдіруде.

Берілген мәліметтер бойынша ақпарат іздеу тиімділігі 90%-дан астамға артқан, ал пайдалану және қызмет көрсету шығындарын кемінде 30%-ға қысқарту күтіледі. Соңғы көрсеткіш әзірге болжам болып табылады.

Қытай метеорологиялық басқармасы әзірлеген MAZU жүйесі табиғи апаттарды болжау, тәуекелдерді талдау және халықты ерте ескертуге арналған. Ол сегіз елде енгізілген, бұлттық нұсқасы 50-ден астам мемлекетте қолданылады.

Бұл тәжірибе су тасқыны, құрғақшылық және сел қаупіне тап болатын Орталық Азия үшін маңызды. Алайда жүйелерді ұлттық гидрометеорологиялық қызметтермен және төтенше жағдайларға әрекет ету тетіктерімен біріктіру қажет.

Ғылыми салада Қытай ғылым академиясы әзірлеген ScienceOne моделі мен дамушы елдер зерттеушілеріне арналған білім беру бағдарламалары ұсынылған.

Бұл жобалар технологиялық ынтымақтастықтың нақты салалық және ғылыми міндеттерді шешуге бағытталғанын көрсетеді.

Тілдік әртүрлілік және цифрлық егемендік

Ірі тілдік модельдердің сапасы цифрлық деректер көлемі мен сапасына тәуелді. Оқыту массивтерінде жеткіліксіз қамтылған тілдер сапалы ЖИ қызметтеріне қолжетімділік тұрғысынан қолайсыз жағдайда қалуы мүмкін.

Баяндамада Қытай технологиялары негізінде жасалып, ұлттық тіл мен мәдени ерекшеліктерге бейімделген Лаос моделі мысалға келтірілген.

Қазақстан үшін қазақтілді модельдерді дамыту цифрлық мәтіндер көлемін ұлғайтумен қатар, деректерді іріктеу, белгілеу, лицензиялау және бағалау жүйесін қалыптастыруды талап етеді.

Бұл жұмысқа университеттер, ғылыми ұйымдар, технологиялық компаниялар және мемлекеттік мекемелер қатыса алады.

Мәселе цифрлық егемендікпен де байланысты: ұлттық институттар деректерді пайдалану шарттарын, ақпараттық қауіпсіздікті және технологиялық дамудың басымдықтарын дербес айқындауы тиіс.

Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық пайдалы болуы мүмкін, бірақ критикалық деректерге ұлттық бақылау мен заңнама талаптары сақталуы қажет.

ЖИ қауіпсіздігі және даму құқығы

Қытайлық тәсіл технологиялық даму мен қауіпсіздікті өзара байланысты міндеттер ретінде қарастырады.

Баяндама алгоритмдік кемсітушілік, деректер құпиялылығының бұзылуы, жалған ақпарат және автоматтандырылған шешімдердің ашық еместігі сияқты тәуекелдерді атап өтеді.

Негізгі тұжырымдардың бірі – халықаралық қауіпсіздік талаптары Жаһандық Оңтүстік елдерінің технологиялық дамуға қатысуын шектемеуі тиіс.

Қытай технологияларға қолжетімділікті ұлттық реттеушілік әлеуетті нығайтумен ұштастыруды ұсынады. Бұл ЖИ дамуына қатысуды даму құқығын жүзеге асырумен байланыстырады.

Сонымен бірге шектен тыс реттеу технологиялық қолжетімділікті төмендетсе, жеткіліксіз бақылау деректерге, қоғамдық қауіпсіздікке және критикалық инфрақұрылымға қауіп төндіреді.

Сондықтан халықаралық ынтымақтастық тәуекелдерді бағалау, техникалық тестілеу, тәуелсіз аудит және реттеу тәжірибесімен алмасуды қамтуы тиіс.

Бағдарламаның төрт қорытындысы

Екі жылдық тәжірибе төрт негізгі қағидатты көрсетеді.

Біріншісі: технологияларға қол жеткізу бастапқы кезең, ал дербес даму түпкі мақсат болуы тиіс. Ынтымақтастық ұлттық құзыреттерді қалыптастыруға бағытталуы қажет.

Екіншісі: жобалар қабылдаушы елдердің нақты қажеттіліктеріне, жергілікті ұйымдардың қатысуына және технологияларды ұлттық жағдайларға бейімдеуге негізделуі тиіс.

Үшіншісі: деректер, модельдер, кадрлар және басқару тетіктері үйлесімді дамуы қажет. Бір компоненттің әлсіздігі бүкіл жүйенің тиімділігін төмендетеді.

Төртіншісі: ашық технологиялар бастапқы кедергілерді азайтқанымен, инфрақұрылымдық, білім беру және институционалдық қолдауды талап етеді.

Бұл қағидаттар Қытай бағдарламасын технологиялық көмектен кеңірек, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыру әрекеті ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан және Орталық Азия: ынтымақтастық бағыттары

Қазақстан мен Орталық Азия үшін бағдарламаның маңызы ұлттық технологиялық құзыреттерді дамытуда.

Өңірде ЖИ-ді көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім беру, мемлекеттік басқару және экологиялық мониторингте қолдануға мүмкіндік бар. Ол үшін инфрақұрылым, кадрлар, сапалы деректер және ұлттық реттеу жүйесі қатар дамуы тиіс.

Бес перспективалы бағытты бөліп көрсетуге болады.

Біріншіден, өңірлік есептеу инфрақұрылымы. Бірлескен зерттеу платформалары, ашық модельдер және техникалық тәжірибе алмасу шығындарды төмендетеді. Ақпараттық қауіпсіздік, энергиямен жабдықтау тұрақтылығы және ұлттық деректер заңнамасы ескерілуі қажет.

Екіншіден, мамандар даярлау. Қазақстан мен Қытай университеттері деректерді талдау, машиналық оқыту, робототехника, цифрлық экономика және ЖИ реттеу салаларында бірлескен бағдарламаларды дамыта алады. Технологиялардың экономикалық, құқықтық және әлеуметтік әсерін бағалайтын мамандар да қажет.

Үшіншіден, ұлттық тілдік ресурстар. Қазақ тілін өңдеу технологияларын, мамандандырылған корпустарды және білім беру, ғылым, мемлекеттік қызметтерге арналған модельдерді бірлесіп дамыту перспективалы. Жоба архитектурасы мен сапаны бағалауға ұлттық ғылыми ұйымдар қатысуы тиіс.

Төртіншіден, көлік пен энергетика. ЖИ жүк ағындарын болжауға, инфрақұрылымға қызмет көрсетуге, логистиканы оңтайландыруға және энергия тиімділігін арттыруға қолданылуы мүмкін. Қытай тәжірибесі қолданыстағы көлік жобаларын толықтыра алады.

Бесіншіден, технологиялық тәуекелдерді басқару. Қазақстан алгоритмдерді аудиттеу, деректерді қорғау, модельдерді тестілеу және сезімтал салалардағы қолдануды реттеу құзыреттерін дамытуы қажет. Халықаралық тәжірибе алмасу ұлттық нормативтік және зерттеу базасын алмастырмауы тиіс.

Бірлескен пилоттық жобалар үшін алдын ала өлшенетін көрсеткіштер белгілеу маңызды: шығындардың қысқаруы, өнімділіктің өсуі, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, жергілікті кадрлардың дамуы және ұлттық технологиялық ресурстарды пайдалану деңгейі.

Бұл халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижелілігін бағалауға мүмкіндік береді.

Технологиялық қолжетімділіктен дербес дамуға дейін

Сюнъаньда ұсынылған баяндама Қытайдың ЖИ саласындағы тәсілін көрсетеді: технологиялық дамуды халықаралық әділеттілікпен, цифрлық егемендікпен, тұрақты дамумен және мемлекеттердің ортақ ережелерді қалыптастыруға қатысуымен байланыстыру.

Қытай БҰҰ, халықаралық ұйымдар, білім беру бағдарламалары және технологиялық платформалар арқылы практикалық ынтымақтастықты дамытуға басымдық береді.

Дегенмен бағдарламаның тиімділігін бағалау үшін жекелеген табысты мысалдар жеткіліксіз. Жобалардың құны, пайдалану тұрақтылығы, жергілікті ұйымдарға құзырет беру, деректер қауіпсіздігі және ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық әсері туралы салыстырмалы деректер қажет. Бір елдегі нәтижені барлық мемлекеттерге бірдей қолдануға болмайды.

Қазақстан мен Орталық Азия үшін халықаралық ынтымақтастық ұлттық ғылыми, инженерлік және басқарушылық әлеуетті нығайтудың құралы болуы тиіс. Маңыздысы технологияларға қол жеткізу ғана емес, оларды жергілікті жағдайларға бейімдеу, тәуекелдерді бағалау және практикалық нәтиже алу қабілеті.

Осылайша, ЖИ-ді жаһандық басқарудың басты мәселесі ең озық технологияларды кім әзірлейтінінде ғана емес, басқа мемлекеттердің оларды дамытуға, қолдануға және реттеуге қаншалықты дербес қатыса алатынында.

Мұндай қатысуды қамтамасыз ету халықаралық тетіктер тиімділігінің негізгі өлшемдерінің бірі болады.

 

 

Қытайды Зерттеу Орталығы