СОҢҒЫ
МАҚАЛАЛАР

Қазақстан және Қытай Қытай-Қазақстан ортақ тағдыр қауымдастығы

Қытай-Қазақстан ортақ тағдыр қауымдастығы

Мемлекеттердің өзара тәуелділігі артып, халықаралық үдерістер күрделене түскен жағдайда Қытай Халық Республикасы ұсынған «ортақ тағдыр қауымдастығы» (人类命运共同体) тұжырымдамасы жаһандық және өңірлік саясатта ерекше маңызға ие болуда.

Бұл тұжырымдама алғаш рет ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен 2012 жылдың қарашасында ұсынылған болатын. Ол Қытайдың халықаралық қатынастардың жаңа үлгісін — өзара құрметке, бірлескен дамуға және ортақ болашаққа негізделген қарым-қатынастар жүйесін қалыптастыруға деген ұмтылысын көрсетеді. Аталған тұжырымдама тек Бейжіңнің сыртқы саяси басымдықтарын айқындап қана қоймай, сонымен қатар басқа елдермен тұрақты саяси-экономикалық байланыстар орнатуға бағытталған жұмсақ күш құралына айналуда.

Өз кезегінде, Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет әрі Қытайдың тікелей көршісі ретінде Қазақстан бұл стратегияны жүзеге асыруда ерекше орын алады. 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласына жасаған сапары барысында «Бір белдеу – бір жол» бастамасы ұсынылып, екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге шығарған болатын. Содан бері Қытай Қазақстанды өзінің еуразиялық стратегиясын ілгерілетудегі негізгі әріптесі ретінде қарастырып келеді. Бұл ретте мемлекеттер бір-бірімен бәсекелеспей, керісінше, ортақ өркендеу жолында күш-жігерлерін үйлестіруге бағытталған аймақтық кеңістік қалыптастыруда.

Екіжақты ынтымақтастық аясында ортақ тағдыр қауымдастығы идеясы нақты мазмұнға ие бола бастады – бұл, ең алдымен, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, сондай-ақ гуманитарлық және мәдени қатынастарды нығайту арқылы көрініс табуда.
Алайда бұл жолда белгілі бір сын-қатерлер де туындайды. Олардың қатарында Қазақстан қоғамында Қытайға деген қабылдау мәселесінен бастап, өңірдегі өзге державалардың геосаяси амбицияларына дейінгі түйткілдер бар.

 

 

Адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығы тұжырымдамасы

 «Адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығы» термині Қытай Коммунистік партиясының 2012 жылғы XVIII съезінен кейін Қытай Халық Республикасының сыртқы саяси риторикасының орталық элементіне айналды. Бұл тұжырымдама Бейжіңнің тек басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, сонымен қатар көпполярлыққа, тұрақты дамуға және егемендікке құрмет көрсетуге негізделген жаңа жаһандық басқару моделін қалыптастыруға деген ұмтылысын білдіреді. Қытай осы тұжырымдаманы ұсыну арқылы халықаралық қатынастарға өзге көзқарас ұсынды — бұл бір ғана күш орталығының үстемдігіне емес, өзара тиімділік пен тең құқықтылық принциптеріне негізделген қатынастар жүйесін көрсетеді.

Сонымен қатар, бұл тұжырымдама Қытайдың «жұмсақ күші» үшін маңызды элемент болып табылады, ол Қытайды бейбіт, жауапты мемлекет ретінде тартымды көрсету мақсатында қолданылады. Бұл, өз кезегінде, мәдени дипломатия (Конфуций институттары, мәдени орталықтар, БАҚ арқылы), экономикалық тартымдылық пен ынтымақтастық (пайдалы несие беру, инвестициялар, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы), ортақ дамуды ілгерілету және балама құндылықтарды тарату (гармония, тұрақтылық, ұжымшылдық) сияқты салаларда көрініс табады.

Международдық қатынастар теориялары тұрғысынан бұл тұжырымдаманы қарастыра отырып, реализм көзқарасы бойынша ол – Қытайдың тікелей күш қолданбай-ақ өз ықпалын кеңейтудің стратегиялық тәсілі болып табылады: өзара тәуелділік, экономикалық интеграция және инфрақұрылымдық инвестициялар «құрылымдық үстемдік» нысандарына айналады.

Либерализм ұстанымына сәйкес, «ортақ тағдыр» идеясы ынтымақтастық пен өзара тиімді институттар желісін құруға бағытталған талпыныс ретінде түсіндірілуі мүмкін. Бұл батыстық емес либералдық тәртіпке ұқсас жүйе.

Конструктивизм тұрғысынан алғанда, Қытай халықаралық қатынастар жүйесінде жаңа мінез-құлық нормаларын қалыптастырып жатыр, ол конфуцийлік үйлесім, ұжымдық жауапкершілік және мемлекеттің егемендігіне құрмет сынды құндылықтарға сүйенеді.

Осыған байланысты тұжырымдама Қытай мүдделерін ілгерілетуге арналған геосаяси құрылым ретінде қызмет етеді, әсіресе көршілес елдер мен өңірлерде. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азия стратегиялық бағыт болып саналады, өйткені бұл аймақ табиғи ресурстарға бай және Қытай, Ресей, Еуропа мен Таяу Шығыс арасындағы маңызды транзиттік аймақ болып табылады. Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен ынтымақтастық Қытайға өзінің батыс шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қытай Халық Республикасының экономикалық әрі технологиялық кеңістігіне интеграцияланған достас мемлекеттер белдеулерін құруға мүмкіндік береді.

Осылайша, «біртұтас тағдыр қауымдастығы» тұжырымдамасы идеологиялық риториканы, геоэкономикалық мүдделерді және ықпал етудің дипломатиялық құралдарын ұштастыратын көпқабатты стратегиялық құрылым болып табылады. Ал Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастар контекстінде бұл тұжырымдама ынтымақтастықты тереңдету құралы ретінде қызмет етеді әрі Қазақстан үшін белгілі бір дәрежеде сын-қатер болып табылады. Себебі Қазақстан ірі державалар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін сақтай отырып, өзінің егемендігі мен дербестігін жоғалтпауға ұмтылады.

 

 

 

«Адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығы» тұжырымдамасы аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың дамуы мен қазіргі жағдайы

Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастар тарихын осы Тұжырымдама аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарынан бастап қарастырған жөн. Сол сапар барысында ол Астана қаласындағы «Назарбаев Университетінде» сөз сөйлеп, Қытай мен Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіруге бағытталған «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құруды ұсынды. Бұл бастама өзара сенімге, нығайып келе жатқан достыққа және белсенді ынтымақтастыққа негізделген ортақ өркендеу мен әл-ауқатқа қол жеткізуді мақсат етті.

Аталған тарихи сапардан кейін Қазақстан мен Қытай жан-жақты стратегиялық әріптестік форматына өтті: ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық күшейіп келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай жан-жақты стратегиялық әріптестік кезеңінде тұр, ол саяси, экономикалық, энергетикалық және гуманитарлық салаларды қамтиды. Екі ел арасындағы қатынастар жоғары деңгейдегі институционалданумен, тұрақты жоғары деңгейдегі байланыстармен және бірлескен халықаралық бастамаларға белсенді қатысумен сипатталады.

Екі ел арасындағы саяси ынтымақтастық өзара құрмет, ішкі істерге араласпау және егемендікті қолдау қағидаттарына негізделген. Қазақстан «бір Қытай» қағидатын ұстанатындығын тұрақты түрде растап келеді, ал Қытай өз кезегінде Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен саяси тұрақтылығын сақтауға мүдделілік танытып отыр. Бұл ұстанымдар барлық деңгейдегі кездесулер барысында нақты көрініс табуда.

Ынтымақтастық Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) және БҰҰ секілді көпжақты алаңдар аясында белсенді дамып келеді. Тараптар өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша, соның ішінде экстремизмге, трансшекаралық қылмысқа және есірткі трафигіне қарсы күрес бойынша ұстанымдарын үйлестіруде.

Сонымен қатар, екіжақты қатынастардың негізгі құрамдас бөлігі – экономикалық ынтымақтастық болып табылады. Қытай Қазақстанның үш ірі сауда-экономикалық серіктесінің қатарына кіреді. 2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард АҚШ долларынан асып, тұрақты өсім үрдісін көрсетіп отыр.

Қазақстан Қытайға мұнай, уран, металл және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Ал Қытай Қазақстанға жабдықтар, тұтыну тауарлары мен автомобильдер жеткізеді. Қытай сонымен қатар Қазақстан экономикасына белсенді түрде инвестиция құюда: 2024 жылы инвестиция көлемі 1,2 миллиард АҚШ долларын құрап, Қытайды Қазақстандағы шетелдік инвестор елдердің алғашқы бестігіне кіргізді.

Ең маңызды жобалар қатарында мұнай және газ құбырларын салу, көлік-логистикалық тораптарды дамыту, сондай-ақ индустрияландыру бағдарламасы аясында бірлескен өндірістер құру жобалары бар.

Осыдан келіп шығатыны – ынтымақтастықтың ең табысты бағыттарының бірі энергетика саласы болып табылады. Қазақстан Қытай үшін мұнай мен газдың маңызды жеткізушісі саналады. Өз кезегінде, Қытайдың CNPC секілді ірі корпорациялары кен орындарын игеру, қайта өңдеу кәсіпорындарын салу, сондай-ақ баламалы энергетика жобаларына қатысуда. Тараптар «жасыл энергетикаға» көшу және энергия үнемдеуші технологияларды енгізу мәселелерін де талқылап жатыр. Бұл екі елдің тұрақты даму мақсаттарына толықтай сай келеді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Үкіметі елімізде салынуы мүмкін Атом электр станциясының (АЭС) ықтимал мердігерлерін қарастырып жатыр, олардың қатарында Қытайдың «CNNC» компаниясы да бар.

Экономикалық және энергетикалық мәселелермен қатар, гуманитарлық ынтымақтастық та екіжақты қарым-қатынастардың қоғамдық негізін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қытай университеттері мыңдаған қазақстандық студенттерді қабылдайды, ал Қазақстан қалаларындағы Конфуций институттары мен Қытайдағы Қазақстан орталықтары екі елдің тілдері мен мәдениеттерін насихаттауға ықпал етуде. Туризм, мәдениет және жастар алмасуларына арналған өзара жылдар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сондай-ақ БАҚ, киноөндіріс, баспа ісі және ғылыми алмасу салаларындағы ынтымақтастық та белсенді түрде дамып жатыр.

Сонымен қатар, Қазақстан тек сыртқы ықпалдың объектісі ғана емес, «ортақ тағдыр қауымдастығын» құру үдерісіне өз көзқарасын қалыптастырып отырған дербес субъект екенін атап өткен жөн. Қазақстандық контексте бұл тұжырымдама Қытаймен байланыстарды ұлттық мүдделерді ескере отырып тереңдетудің мүмкіндігі ретінде қабылданады. Бұл мүдделер қатарында технологиялық жаңғырту, тұрақты даму және егемендікті қорғау мәселелері бар. Ел тең құқықты әріптестік пен өңірдің мәдени ерекшеліктеріне құрмет көрсетілуін қолдайды.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасының «екінші буын» жобаларына трансформациялануы ерекше маңызға ие болуда, бұл жобалар «жасыл» экономикаға, цифрландыруға және инновацияларға басымдық береді. Бұл Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және өнеркәсіпті жаңғырту бағытындағы ұмтылыстарына толық сәйкес келеді. Осы салалардағы Қытаймен ынтымақтастық «Жаңа өндірістік күштер» күн тәртібін іске асыруды жеделдете алады.

Сонымен қатар, өңірлік өзара іс-қимылдың маңызды алаңына айналған «Қытай – Орталық Азия» форматы да ерекше мәнге ие, онда Қазақстан бастамашы әрі үйлестіруші ретіндегі жетекші рөл атқарады. Бұл платформа Қазақстанның өңірдегі орнын күшейтіп, Орталық Азияны ұжымдық субъект ретінде танытатын жаңа көпжақты байланыс моделін қалыптастыруға ықпал етуде.

Осылайша, қазіргі кезеңдегі Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарды тұрақты, орнықты және стратегиялық тұрғыдан салмақты деп сипаттауға болады. Екі ел де өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі. Бұл ретте Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат аясында Қытаймен байланыс орната отырып, саяси және экономикалық тепе-теңдікті сақтауға ұмтылады. Ал Қытай Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі серіктесі, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының өңірлік жүзеге асырушысы және Еуразия кеңістігіндегі «ортақ тағдыр қауымдастығын» қалыптастырудың маңызды буыны ретінде қарастырады.

 

Тәуекелдер мен сын-қатерлер

Екіжақты қатынастардың тұрақты дамуы мен «ортақ тағдыр қауымдастығын» құруға бағытталған өршіл саяси мәлімдемелерге қарамастан, бұл тұжырымдаманы іске асыру бірқатар жүйелі сын-қатерлер мен шектеулерге тап болып отыр. Бұл мәселелер сыртқы саясатпен қатар ішкі саяси сипатқа да ие болып, мұқият талдауды және икемді дипломатияны талап етеді.

Қытай үшін өңірдегі басты сын-қатерлердің бірі – басқа ірі державалармен, әсіресе Ресеймен және Батыспен болатын геосаяси бәсекелестік. Қытай өңірде экономикалық және гуманитарлық күн тәртібін белсенді түрде ілгерілетіп жатқанымен, бұл әрекеттер дәстүрлі ықпал ету аймақтарындағы мүдделерге әсер етуде, әсіресе Қазақстанды тарихи ықпал аймағы ретінде қарастыратын Ресейдің мүдделеріне. Қытайдың өңірдегі қатысуы күшейген сайын, Қазақстан өзінің көпвекторлы саясаты шеңберінде бәсекелес державалар арасында теңгерім сақтауға мәжбүр болып отыр.

Қазақстан мен Қытай арасындағы «ортақ тағдыр қауымдастығы» идеясын іске асыру жолында тағы бір маңызды сын-қатер – қазақстандық қоғамдағы антиқытайлық көңіл-күй болып отыр. Қытайдың экспансиясы, жерді сатып алу және экологиялық қауіптерге қатысты алаңдаушылықтар бұл тұжырымдамаға деген сенімді әлсіретіп, Қытай тарапынан анағұрлым нәзік әрі тиімді ақпараттық саясат жүргізуді талап етеді.

Халық арасында Қытайға экономикалық және технологиялық жағынан тәуелді болып қалу қаупі де алаңдаушылық туғызуда. Бір жағынан, Қытай инвестициялары Қазақстанға инфрақұрылымды, өнеркәсіпті және цифрлық жүйелерді дамытуға қажетті маңызды ресурстар ұсынады. Екінші жағынан, бұл инвестициялар Қазақстанның Қытай тауарларына тәуелділігін арттыруы мүмкін.

Осылайша, Қытай мен Қазақстан арасындағы «ортақ тағдыр қауымдастығы» тұжырымдамасын жүзеге асыру жолында бірқатар күрделі сын-қатерлер тұр. Олардың қатарында геосаяси шектеулер мен ірі державалар арасындағы бәсекелестік, сондай-ақ ішкі әлеуметтік-психологиялық тосқауылдар мен Қазақстанның экономикалық тәуелділігі мәселелері бар.

 

 

 

«Ортақ тағдыр қауымдастығын» қалыптастыру перспективалары

Сонымен қатар, «ортақ тағдыр қауымдастығы» тұжырымдамасы қытай-қазақстандық қатынастар үшін ерекше мәнге ие болуда. Бұл тәсіл ұзақмерзімді өзара мүдделілікке, егемендікке құрмет көрсетуге, тұрақты дамуға ұмтылыс пен жаһандық және өңірлік сын-қатерлерді бірлесе шешуге дайындықты білдіреді.

Аталған тұжырымдама аясында Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастарды одан әрі тереңдетудің перспективалары келесі негізгі бағыттар бойынша іске асырылуы мүмкін:

  1. Қауіпсіздік, энергетика, технология, азық-түлік және климаттың өзгеруі салаларында тұрақты жұмыс істейтін үйлестіру механизмдерін құру;
  2. Қазақстан аумағында қосылған құн тізбегін қалыптастыруға бағытталған индустриялық ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде машина жасау мен агроөнеркәсіптік кешен салаларында кластерлер құру;
  3. Жаңартылатын энергия көздері, көміртегі бейтараптығы және «ақылды қалалар» жобаларын қытайлық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асыру;
  4. Медиа, ғылым және білім салаларында бірлескен платформалар ашу, сондай-ақ мәдениетаралық диалогты кеңейту – бұл қоғамдық шиеленісті азайту мен стереотиптерді жоюға көмектеседі;
  5. Экстремизмге, есірткі саудасына және трансұлттық қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты күшейту;
  6. Бірлескен цифрлық инфрақұрылымды дамыту, деректерді өңдеу орталықтарын құру және киберқауіпсіздік саласында өзара көмек көрсету.

Осы бағыттар Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге, сондай-ақ екі елдің ортақ даму мақсаттарына қол жеткізуге қызмет етеді.

 

Қазақстан мен Қытай прагматикалық әріптестіктен неғұрлым терең, орнықты, әділетті және ұзақмерзімді ынтымақтастыққа негізделген өзара іс-қимыл моделіне өтуге қабілетті. «Ортақ тағдыр қауымдастығы» тұжырымдамасы жай ғана риторикалық ұран емес, әлемдік полицентризм мен жаһандануның дәстүрлі үлгілерінің дағдарысы жағдайында өзекті болып отырған халықаралық қатынастардың жаңа парадигмасы ретінде қызмет ете алады.

Осылайша, Қытай ұсынған XXI ғасырдың сын-қатерлеріне жауап ретінде пайда болған «ортақ тағдыр қауымдастығы» тұжырымдамасы Қазақстанға еуразиялық кеңістіктегі ерекше рөл береді. Географиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті және саяси тұрақтылығы Қазақстанды Қытайдың Орталық Азиядағы басты серіктесіне айналдырады.

Соңғы отыз жылда екі ел тату көршілік қарым-қатынастан бастап, сауда, энергетика, технология және гуманитарлық салаларды қамтитын стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне жетті. Қытай үшін Қазақстан – тұрақты транзиттік дәліз және ресурстарға қол жеткізудің маңызды буыны болса, Қазақстан үшін Қытай – инвестициялар тарту, инновациялық даму және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігі.

Толыққанды «ортақ тағдыр қауымдастығына» бет алуда белгілі бір қиындықтар сақталып отыр: ірі державалар арасындағы геосаяси бәсекелестік және Қазақстандағы қытайлық экспансияға қатысты қоғамдық алаңдаушылықтар. Бұл жағдай мемлекеттердің мүдделерін ғана емес, сонымен қатар қоғам ішіндегі көңіл-күйді ескеретін неғұрлым ашық әрі теңгерімді өзара әрекеттесу моделін қалыптастыруды талап етеді.

 

Сонымен қатар, екі ел арасында жақындасу үшін айтарлықтай әлеует бар. Бұл әлеует болашақта бүкіл өңірге өзекті бола алатын жаңа үлгідегі тұрақты әріптестік архитектурасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

Қытайды зерттеу орталығы