Премьер-министр Олжас Бектенов Шанхай қаласында өткен China International Import Expo – VII Қытай халықаралық импорт көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Жыл сайынғы көпсалалы іс-шараның мақсаты – халықаралық деңгейде экономикалық интеграцияны нығайту. Көрмеге қатысу шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және ұлттық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Халықаралық көрменің ашылу рәсіміне сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян, Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, Моңғолия премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, Сербия премьер-министрі Милош Вучевич қатысты.
Өткен жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерімен Қытай арасындағы тауар айналымының жартысынан астамын қамтамасыз етті.
Өз сөзінде Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан мен Қытай арасындағы кедергісіз сауда, электронды коммерция, көлік және логистикалық интеграция, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы инновациялық шешімдерді енгізу бағытындағы ынтымақтастықты күшейту маңыздылығын атап өтті.
Ерекше назар «Жібек жолы электронды сауда» пилоттық аймағын құру жобасына аударылды. Қазақстан Alibaba мен JD.com сияқты ірі онлайн платформаларда бар және Douyin платформасында павильон ашу, бонд қоймаларын дамыту, цифрлық арналар арқылы сауданы жеңілдету үшін логистикалық инфрақұрылымды кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде Қазақстан Қытайдан Еуропаға құрлықтық тасымалдардың 80%-дан астамын қамтамасыз етеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы, Ляньюньган портындағы логистикалық орталық, Сиань құрғақ портындағы жүк терминалы мен Қытай шекарасындағы үшінші теміржол өткізу пункті сияқты ірі жобалар құрлықаралық сауда дәліздерін нығайтуға және өзара тауар айналымын арттыруға бағытталған.
Цифрландыру саласында Қазақстан Бүкіләлемдік банктің рейтингі бойынша электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 24-орында, онлайн қызмет көрсету деңгейі бойынша 10-орында және мемлекеттік технологиялардың жетілу индексі бойынша 6-орында. Жасанды интеллект саласында Қытаймен тәжірибе алмасу экономикалық дамуды едәуір жылдамдата алады, деп атап өтті Бектенов.
Қазақстанның ұлттық павильоны «Жаңа дәуір, ортақ болашақ» тақырыбында ашылып, онда цифрлық саладағы жетістіктер, соның ішінде трансшекаралық сауда, электронды және қаржылық қызметтер, инвестицияларды тарту таныстырылды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев және Kazakh Invest, АХҚО және Kaspi.kz сияқты негізгі институттардың өкілдері Squares (ғаламдық брондау жүйесі), Alaqan AI (алақан тамырлары арқылы биометриялық сәйкестендіру) және Cerebra AI (ЖИ арқылы инсульт диагностикасы) сияқты өнімдер мен стартаптарды ұсынды.
Қазақстанның коммерциялық павильонында алғаш рет отандық өнімдерді онлайн сату ұсынылды. 260 м² алаңда ет, сүт, дәнді дақылдар, тоқыма өнімдері, бал және сусындарды қоса алғанда 50-ге жуық қазақстандық өндірушілердің тауарлары қойылған. TikTok платформасында тікелей эфир қосылды, бұл әлемнің кез келген жеріндегі келушілерге тауар ассортиментімен танысуға және онлайн тапсырыс жасауға мүмкіндік береді. Көрменің алғашқы сағаттарында ғана онлайн форматта сату көлемі шамамен 22 мың долларды құрады. Биыл павильон екі есеге кеңейтілді, қатысушылардың 80%-дан астамы шағын және орта бизнестен өкілдік етеді, бұл Қытайға экспортты арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Фото: ҮКІМЕТ