Жаһандық саяси-экономикалық архитектураның жедел түрленуі және мемлекеттер арасындағы өзара тәуелділіктің артуы жағдайында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы көпжақты ынтымақтастық форматы ерекше маңызға ие болуда. Геосаяси шиеленістің күшеюі, сауда ағындарының тұрақсыздығы, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы тәуекелдер, сондай-ақ технологиялық дамудың жеделдеуі аймақ мемлекеттерінен келісілген ұстанымдарды және тұрақты өзара іс-қимыл тетіктерін талап етеді.
2023 жылы Сиань қаласында өткен «Қытай – Орталық Азия» диалогының институционалдық ресімделуі тек дипломатиялық платформа ғана емес, сонымен қатар ұжымдық тұрақтылықты қалыптастыруға негіз болып табылады. Осы тұрғыда қорытынды декларацияда жарияланған «ортақ тағдыр қауымдастығын тығыз құру» (携手构建更加紧密的中国-中亚命运共同体) мақсаты тараптардың тұрақтылық пен ұжымдық қауіпсіздікке бағытталған бірлескен күн тәртібін қалыптастыруға ұмтылысын бекітті. Бұл жағдайда көпжақты формат тек тұрақтылық құралы ғана емес, сонымен қатар мүдделер тепе-теңдігіне негізделген жаңа серіктестік түрін қалыптастыру алаңы ретінде әрекет етеді.
Бұл үдерісте маңызды рөл атқаратын ел – Қазақстан Республикасы. Ел трансұлттық инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қатысуда, энергетикалық және цифрлық интеграцияға тартылған және дипломатиялық делдал ретіндегі қызметі арқылы мүдделерді үйлестірудегі жетекші акторға айналуда. Көпжақты тәсілдің маңыздылығы жоғары деңгейде бірнеше рет атап өтілді: ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бұл форматты заман рухына және халықтар үмітіне жауап беретін платформа ретінде сипаттаса, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оның күш-жігерді шоғырландыру мен диалогты кеңейту әлеуетін атап өтті. Осылайша, аймақтық серіктестіктің тұрақты тетіктерін дамыту мүдделерді үйлестіру және ұжымдық шешімдерді әзірлеу құралына айналуда.
Көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттары
1. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Орталық Азия Ауғанстанды қоса алғанда тұрақсыз аймақтардың түйіскен жерінде орналасқандықтан, трансұлттық терроризм, киберқылмыс және есірткі айналымы тәуекелдеріне осал. БҰҰ ЕҚБ деректеріне сәйкес, өңірдің транзиттік сипаты ұйымдасқан қылмыстың таралу қаупін сақтап отыр, сондай-ақ онлайн кеңістікте радикалдық контенттің таралуы артып келеді.
Осыған байланысты қауіпсіздік саласындағы үйлестіруді өзара сенім мен бірлескен іс-қимыл рухында институционализациялау қажет. Ташкенттегі ШЫҰ Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымының әлеуетін «Қытай – Орталық Азия» форматы аясында кеңейтіп, барлау деректерін алмасу, бірлескен оқу-жаттығулар және жедел әрекет ету хаттамаларын әзірлеу арқылы қолдануға болады. Қытай мен Қазақстан құқық қорғау органдары арасындағы тұрақты консультациялар тәжірибесіне сүйене отырып, тараптар сенімге негізделген көпжақты хаттамаларды бастама етіп ұсына алады.
2. Энергетикалық және инфрақұрылымдық ынтымақтастықты нығайту өзекті бағыттардың бірі. Орталық Азия әлемдік энергия тасымалдағыштар бағасының құбылуына және экспорттық маршруттардың шектелуіне осал. Сонымен қатар, өңір елдері арасында өзара толықтыру деңгейі жоғары: Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан көмірсутек экспорты Қытайдың инфрақұрылымға салған инвестицияларымен (2009 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Орталық Азия – Қытай» газ құбыры, «Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан» теміржол дәлізі) ұштасып отыр.
Алайда, сыртқы бағалық және логистикалық күйзелістерге тәуелділікті азайту үшін ВИЭ, сутегі энергетикасы және декарбонизация салаларындағы энергетикалық стратегияларды үйлестіру маңызды болуда. «CNPC», «Silk Road Fund», ұлттық энергетикалық агенттіктер мен инвесторлардың қатысуымен жаңартылатын энергия көздері жөніндегі бірлескен қор немесе Альянс құру бастамасы климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ESG қағидаттарын енгізу жолындағы маңызды қадам болмақ.
3. Климаттың өзгеруі, логистикалық тізбектердің бұзылуы және жаһандық аграрлық нарықтарға қысымның күшеюі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды өзекті етеді. Қазақстан жыл сайын 15 млн тоннадан астам астық өндіреді, Өзбекстан мен Тәжікстан жеміс-көкөніс өнімдерін экспорттауда, ал Қытай – ірі нарық және агросекторға инвестор. Алайда, өңірде келісілген саясаттың болмауы интеграциялық әлеуетті толық іске асыруға кедергі келтіруде. Осыған байланысты бірыңғай талаптар мен жеткізілімдерді цифрлық бақылауға негізделген көпжақты үлгіге көшу ұсынылады. Қытай цифрлық шешімдер мен логистикалық платформаларды ұсына алады, ал Қазақстан мен Өзбекстан экспортқа бағытталған азық-түлік хабының өзегіне айнала алады. Сонымен қатар, агробизнесті қауіпсіз жүргізу мақсатында ведомстволар, ғылыми орталықтар мен бизнес құрылымдардың қатысуымен агроқауіпсіздік жөніндегі диалогты жаңарту қажет.
4. Цифрлық трансформация және технологиялық тәуелділік жағдайында киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және деректерді қорғау саласындағы координация стратегиялық маңызға ие. ITU Global Cybersecurity Index 2024 мәліметінше, көптеген ОА елдері киберқауіпсіздік саласында төмен көрсеткіштер көрсетіп отыр, ал оқиғаларға әрекет ету тетіктері біркелкі дамымаған. Қытайдың «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы ортақ қауіп-қатерлерге (дезинформация, дипфейктер, кибершабуылдар, деректердің ұрлануы) қарсы күресте стратегиялық сәйкестікті қамтамасыз ете алады, дегенмен ИИ реттеу мен цифрлық даму стратегияларында келіспеушіліктер бар. Осыған байланысты сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кездесуде Тәжікстан тарапынан жасанды интеллект бойынша өңірлік орталық құру және ИИ саласында өзін-өзі реттеу механизмдерін әзірлеу ұсынысы қолдау тапты. Сонымен қатар, жасанды интеллект және Big Data бойынша бірлескен ғылыми орталықтар құру, сондай-ақ «China Unicom» және «Digital Kazakhstan» бастамалары арқылы бұлттық платформаларды біріктіру перспективалы болып отыр.
5. Экологиялық тұрақтылықты нығайту бойынша іс-қимылдарды үйлестіру – көпжақты ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты. ЮНЕП деректеріне сәйкес, Орталық Азия жыл сайын топырақ деградациясы салдарынан ЖІӨ-нің 4%-ын жоғалтады, климаттық қауіптер мен су тапшылығы күшейіп келеді. Аймақтық елдер арасында Әмудария мен Сырдария трансшекаралық өзен бассейндерін басқару бойынша келісілген жүйе болмағандықтан, бұл мемлекетаралық шиеленістерге алып келуі мүмкін.
Осыған байланысты апаттық жағдайлар туралы ерте ескерту, ресурстарды цифрлық мониторингілеу және трансшекаралық бассейндерді басқару механизмдерін іске қосу қажет. Қазақстан мен Өзбекстан осы салада («Tasqyn», «Water from Space» – KazEOSat-1/2 спутниктері; «Blue Peace» және «Zarafshan River Basin Dialogue») белгілі бір бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл тәжірибе Қытайдың экологиялық зондтау және су үнемдеу технологияларын ұсынуымен аймақтық платформа шеңберінде кеңейтілуі мүмкін.
Осылайша, қауіпсіздік, энергетика, азық-түлік, цифрлық трансформация және экология салаларында бірлескен құрылыс, орнықты және сапалы даму қағидаттарына негізделген келісілген стратегияларды әзірлеу Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің берік негізін қалайды, бұл өз кезегінде ортақ тағдыр қауымдастығы рухына сәйкес келеді.
Ынтымақтастықтың болашағы мен сын-қатерлері
Көпжақты форматтың серпінді дамуы мен жоғары әлеуетіне қарамастан, оның дамуы бірқатар сын-қатерлермен қатар жүреді.
Біріншіден, тараптар арасында экономикалық, цифрлық және институционалдық әлеуеттің теңсіздігі сақталып отыр: Қытай айтарлықтай артық ресурстарға ие, ал Орталық Азия елдері сыртқы инвестициялар мен институционалдық қолдауға бағытталған.
Екіншіден, цифрлық егемендік, энергетика және су ресурстарын реттеу салаларындағы ұлттық басымдықтар мен нормативтік базалардағы айырмашылықтар бірыңғай күн тәртібін қалыптастыруға кедергі келтіреді.
Үшіншіден, аймақтың сыртқы ықпалға осалдығы және Қытай, Ресей мен ЕО арасындағы геосаяси мүдделер тепе-теңдігінің бұзылу қаупі бар, бұл өз кезегінде тең құқылы серіктестік жүйесін талап етеді.
Осындай жағдайда координациядан стратегияға көшу болашағы зор бағытқа айналуда. Негізгі салалар бойынша жол карталарын әзірлеу және көпдеңгейлі жұмыс топтарын іске қосу форматтың орнықтылығын қамтамасыз етеді. Бұл ретте прагматикалық тәсілі мен дипломатиялық белсенділігі арқасында Қазақстан өзара іс-қимылды үйлестірудің конструктивті модераторы ретінде әрекет етіп, аймақтың жаһандық турбуленттілік жағдайына бейімделуін қамтамасыз ете алады.
Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы көпжақты өзара іс-қимылды нығайту – трансшекаралық сын-қатерлерге тиімді жауап бере алатын ұжымдық орнықтылықты арттырудың негізін қалайды. Қауіпсіздік, энергетика, цифрландыру, азық-түлік және экология салаларындағы бірлескен бастамаларды ілгерілету – тең құқылы серіктестік пен өзара тиімділік қағидаттарына толық сәйкес келеді. Ортақ тағдыр қауымдастығы тұжырымдамасы рухында «Қытай – Орталық Азия» форматы тек қазіргі координация құралы ғана емес, сонымен қатар Еуразия кеңістігіндегі орнықты дамудың катализаторы бола алады.
Қытайды зерттеу орталығы