Қытай бастамасымен іске қосылған «Қытай – Орталық Азия» механизмі Қытайдың өңірлік саясатының экономикалық бағыттан саясатты, қауіпсіздікті, энергетиканы, гуманитарлық ықпалдастық пен цифрлық трансформацияны қамтитын кешенді модельге көшуін білдіреді.
Бұл форматтың құрылуы геосаяси жағдайдың өзгеруіне жауап болды. Атап айтқанда, АҚШ-тың өңірдегі белсенділігінің төмендеуі, Ресей мен Батыс арасындағы шиеленістер, сондай-ақ жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қытайдың сыртқы саяси арналарының әртараптандырылу қажеттігі маңызды фактор болды. Бұл ретте «C+C5» тетігі тату көршілік, теңдік және өзара тиімділік рухындағы екіжақты және өңірлік бастамаларға бағытталған. Сонымен бірге, бұл Қытайдың тек инвестиция салып қана қоймай, ұзақ мерзімді әріптестікке ұмтылатындығын көрсететін жұмсақ күш құралы ретінде қарастырылады.
Осылайша, Орталық Азиядағы ықпал үшін жаһандық бәсекелестіктің күшею жағдайында C+C5 платформасы Қытай үшін тек экономикалық емес, сонымен бірге стратегиялық құралға айналды.
«Қытай – Орталық Азия» механизмінің жетістіктері
«Қытай – Орталық Азия» механизмі Қытайға өңірдегі бес мемлекетпен ірі халықаралық ойыншылардың қатысуынсыз тікелей диалог жүргізуге мүмкіндік берген жаңа саяси архитектура формасына айналды. Бұл Қытайға өз мүдделері мен стратегиялық тұжырымдамаларын – мысалы, «Ортақ тағдыр қауымдастығы» немесе «Бір белдеу – бір жол» идеяларын екіжақты және көпжақты форматтарда ілгерілетуге бірегей мүмкіндік берді. Басты жетістіктердің бірі – 2023 жылғы мамырда Сиань қаласында өткен С+C5 форматындағы алғашқы жоғары деңгейдегі саммит болды. Онда «Қытай – Орталық Азия: ортақ болашағы бар қауымдастық» идеясын Қытай жариялады. Бұл өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне арналған өршіл тұжырым болды.
Қазақстан үшін бұл механизм сыртқы саясатты теңгерімді жүргізудің жаңа алаңына айналды. Қазақстан өзін Шығыс пен Батыстың арасындағы байланыстырушы көпір ретінде ұсынуда. Ел C+C5 форматын Орталық Азияны тұрақты, өркендеген және инклюзивті өңірге айналдыру бастамасын ілгерілету үшін пайдаланып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы тұрақты байланыстар тараптар арасындағы саяси сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Атап айтқанда, C+C5 аясында стратегиялық әріптестік туралы жаңа келісімдердің жасалуы және екіжақты байланыс арналарының кеңеюі екі ел арасындағы саяси үндестікті күшейтті.
Қытай үшін Қазақстан Орталық Азиядағы тірек мемлекет ретінде қарастырылады. Ол қытайлық тауарлардың Еуропаға транзитін қамтамасыз етіп, жоғары саяси тұрақтылыққа ие. Қазақстан тарапынан бұл механизм өңірдегі ықпал үшін жүріп жатқан күрес жағдайында елдің субъектілігін арттыру құралы болып отыр. Осылайша, C+C5 шеңберіндегі саяси-дипломатиялық бағыт Қытайдың «смарт-дипломатия» құралына ғана емес, Қазақстанның өңірлік және жаһандық рөлін нығайтып, «көпдеңгейлі сыртқы саясат» моделін ілгерілетуге мүмкіндік беретін алаңға айналды.
Экономикалық өзара іс-қимыл
Механизмнің ең белсенді бағыты – экономикалық әріптестік. Қытай үшін Орталық Азия сыртқы экономикалық дамудың орнықты үлгісін қалыптастыруға қажетті стратегиялық өңір болып отыр, әсіресе Батыстың қысымының күшеюі мен көлік дәліздері үшін бәсекелестіктің артуы жағдайында. Өңір елдері, соның ішінде Қазақстан үшін Қытаймен ынтымақтастық инвестицияларға, технологияларға және жаһандық логистикалық тізбектерге қол жеткізу мүмкіндігін білдіреді. Қазақстан бұл үдерісте Орталық Азиядағы ең ірі экономика, маңызды транзиттік және энергетикалық торап ретінде басты рөл атқарады.
2024 жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы $96 млрд-тан асты. Оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. C+C5 механизмі арқасында инвестициялық ағындар жанданды. Қытай Орталық Азияда көлік, энергетика, шикізатты өңдеу және агроөнеркәсіп кешені салаларында ауқымды жобаларды қаржыландыруда. Қазақстан – өңірдегі қытайлық инвестициялардың негізгі алушысы.
Экономикалық әріптестіктің басты элементі – көлік инфрақұрылымын жаңғырту. Механизм теміржол бағыттарын салу мен кеңейтуді жеделдетуге септігін тигізді. 2023 жылы «Бақты – Чугучак» жаңа теміржол өткелін салу туралы келісімге қол қойылды. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтып, Орта дәліздің тұрақтылығын арттырады.
Сондай-ақ, индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форматы да белсенді дамуда. Қытай мен Қазақстан бірлескен кәсіпорындар, технопарктер мен агрокластерлер құру жобаларын іске асыруда. Қытайлық компаниялар Қазақстандағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, соның ішінде логистиканы цифрландыруға (жүктің қозғалысын есепке алу мен бақылаудың зияткерлік жүйелерін енгізу) қатысуда. Осылайша, механизм ынтымақтастықтың «экономикалық қозғалтқышы» ретінде жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Қытай үшін Орталық Азия – ресурстардың стратегиялық жеткізушісі және энергетикалық әртараптандыру жүйесінің бір бөлігі. Қазақстан үшін бұл – өңдеу секторына инвестиция тарту, энергетиканы жаңғырту және экологиялық тұрақты шешімдерді дамыту мүмкіндігі. Мысалы, Қытай Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға қатысып, энергетикалық тиімділікті арттыруға көмектесуде.
Соңғы жылдары Қытай өңірде «жасыл даму» күн тәртібін, соның ішінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында да ілгерілетіп келеді. Қазақстан бұл бағытта маңызды серіктеске айналды. Ел 2060 жылға қарай көміртегі ізін азайтып, жасыл энергетикаға көшу мақсатын қойып отыр. Қытайлық компаниялар күн және жел электр станцияларын салуға инвестиция салуда, ал «CNNC» қытай компаниясы Қазақстанда АЭС салу жобалары бойынша әлеуетті серіктестердің қатарында.
Гуманитарлық және білім беру ынтымақтастығы
Механизм аясында академиялық алмасу бағдарламалары, мәдени фестивальдер, білім беру платформалары мен халықтар арасындағы жаңа диалог форматтары іске қосылды. Ең айқын бағыт – білім саласындағы әріптестік. Қытай жыл сайын Орталық Азия елдеріне арналған шәкіртақы квоталарын ұлғайтуды жалғастыруда. 2024 жылы 13 000-нан астам қазақстандық студент Қытай жоғары оқу орындарында оқыса, 1 000-нан астам қытайлық студент Қазақстанда білім алды. C+C5 платформасы қос дипломдық бағдарламалар мен бірлескен ғылыми зерттеулерді іске қосуға ықпал етті. Бұл – цифрлық технологиялар, экология, ауыл шаруашылығы ғылымы және энергетика салаларын қамтиды.
Қауіпсіздік мәселелері
Қауіпсіздік мәселелері механизмде маңызды болғанымен, шешуші орын алмайды. Әскери бағыттарға басымдық беретін басқа форматтардан айырмашылығы, C+C5 қауіпсіздік бойынша диалогты кеңейтуге, қауіп-қатерлерді ерте ескертуге, трансұлттық қатерлерге, киберқауіптер мен экстремизмге қарсы күреске бағытталған «жұмсақ» модельді ұсынады. Механизм сонымен қатар климаттық қатерлер, су қауіпсіздігі, азық-түлік тұрақтылығы және биологиялық қауіпсіздік сияқты трансөңірлік мәселелерді талқылайтын алаңға айналды.
Қорытынды
Осылайша, бұл механизм өңірді стратегиялық жаңғырту мүмкіндігін ұсынып отыр. Егер тиімді басқару қамтамасыз етілсе, Қазақстан осы форматтың зияткерлік және логистикалық орталығына айналып, Қытайдың серіктесі ғана емес, Орталық Азиядағы сындарлы модератор рөлін де күшейте алады.
«Қытай – Орталық Азия» механизмі – ұзақ мерзімді серіктестікке, көпдеңгейлі ынтымақтастыққа және мүдделердің өзара бейімделуіне бағытталған жаңа өңірлік ықпалдастық форматы.
Қытай үшін бұл механизм өңірлік саясаттағы проактивті құралға айналды: тұрақты логистикалық бағыттарды дамытуға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, өз технологияларын ілгерілетуге және мәдени-білім беру бағдарламалары арқылы оң қоғамдық қабылдауды қалыптастыруға жол ашты. Қытай біржақты үстемдік емес, «ортақ даму» моделін ұсынатынын көрсетуде.
Ал Қазақстан үшін бұл механизм – стратегиялық делдал, инфрақұрылымдық торап және Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени көпір ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік беретін бірегей алаң. C+C5 форматына қатысу Қазақстанға инвестициялар мен технологиялар тартумен қатар, өңірлік күн тәртібін ілгерілетуге, сыртқы саясаттың ғылыми, білім беру және дипломатиялық құрамдас бөліктерін нығайтуға мүмкіндік береді.
Ұзақ мерзімді перспективада механизмнің табысы тараптардың ынтымақтастықты институционализациялау, асимметрияны азайту және жаһандық сын-қатерлерге икемді ден қою қабілетіне байланысты болады. Қазақстан бұл жаңа архитектураны қалыптастыруда белсенді ұстаным танытуы тиіс. Бұл тек экономикаға ғана емес, бүкіл өңірдің орнықты, әділетті және инклюзивті дамуына бағытталған болуы қажет.
Қытайды зерттеу орталығы