СОҢҒЫ
МАҚАЛАЛАР

Home Modern China ҚЫТАЙДЫҢ ЖАҒАЛАУ ПОРТТАРЫ: ӘЛЕМДІК САУДАДАҒЫ ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТАБЫСТАР

ҚЫТАЙДЫҢ ЖАҒАЛАУ ПОРТТАРЫ: ӘЛЕМДІК САУДАДАҒЫ ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТАБЫСТАР

Әлемдік сауданың 80%-дан астамы теңіз арқылы жүзеге асырылады, ол жаһандық тауар айналымының маңызды артериясы болып табылады. Қытай Көлік министрлігінің Көлік жоспарлау және зерттеу институты жариялаған Қытай порттарының 2024 жылғы жұмысына арналған талдамалық есепке (бұдан әрі – Есеп) сәйкес, 2023 жылы теңіз арқылы іске асырылған әлемдік сауда көлемінің 30,1%-ы Қытайға тиесілі болды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2 пайыздық тармаққа өсті. Сыртқы сауданың жандануына және жаһандық сауда жүйесінің қайта құрылымдалуына байланысты Қытайдың сыртқы сауда жүк тасымалының көлемі күрт өсті. Елдің жағалау порттарының жүк айналымы 4,96 миллиард тоннаға жетіп, жылдық өсімі 9,6%-ды құрады.

 

 

Қытайдың жағалау порттарындағы негізгі бес жүк санатына контейнерлер, көмір, металл рудалары, құрылыс материалдары және мұнай өнімдері жатады. 2023 жылы бұл тауарлардың жүк айналымы жағалау порттарының жалпы жүк айналымының 84%-ын құрады. Импортталған көмір мен шикі мұнайдың жүк айналымы айтарлықтай өсті, ал импорттық темір рудасының жүк айналымы жоғары деңгейде сақталды.

 

 

Жылдам өсіммен қатар сыртқы сауда жүк тасымалының құрылымы да үнемі оңтайландырылып отыр. 2023 жылы Қытайдың сыртқы сауда теңіз жүк тасымалындағы контейнер тасымалының үлесі 23,3%-ға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа өсті және жыл сайынғы өсім тенденциясын сақтап келеді. Бүгінгі таңда Қытайдың ірі жағалау порттарындағы кеден қызметтерінің үздіксіз жетілдірілуінің арқасында контейнердегі трансшекаралық жүк тасымалы, оның ішінде Иу қаласынан (Чжэцзян провинциясы, Оңтүстік-Шығыс Қытай) ұсақ тауарлар, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының тауарлары және электромобильдер, барған сайын ыңғайлы бола түсуде.

 

 

Иу портында кеден Еуропа чемпионатына арналған арнайы терезе ашты. Кедендік ресімдеу процесі «бір басу» қағидаты бойынша жүзеге асырылады, экспорттық тауарлардың басым бөлігі компьютермен тексеріліп, «сәтте» шығарылып отырады. Иудың Батыс вокзалына орнатылған интеллектуалды жабдық контейнерлерді автоматты түрде қабылдап, ашпай тексеруге мүмкіндік береді. Нинбо-Чжоушань портында Нинбо кедені блокчейн технологиясын пайдаланып, мәліметтерді сақтау және жүктерді бақылау процесін жүзеге асырады, бұл жаппай жүк тасымалдаудың кедендік ресімдеу тиімділігін арттырады. Бұл электромобильдер тиелген контейнерлерді тиеу тиімділігін 180 данадан күніне 1000-нан астамға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

 

 

Егер теңіз жүк тасымалы Қытайдың сыртқы саудасының «негізгі артериясы» болса, порттар осы «артерияны» байланыстыратын маңызды органдар болып табылады. Шаньдун провинциясының (Шығыс Қытай) Жичжао портынан темір жол батысқа қарай созылып, Синьцзяндағы (Солтүстік-Батыс Қытай) Алашанькоу өткізу бекеті арқылы Қазақстанға өтеді, содан кейін Ресей, Беларусь, Польша және Германия арқылы Нидерландының Роттердам портына жетеді. Маршруттың жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асады. Жақында Жичжао портына халықаралық аралас транзиттік жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат берілді. Бұл дегеніміз, әлемнің түкпір-түкпірінен Жичжао портына теңіз арқылы жеткізілген жүктер енді осы жерден темір жол арқылы Моңғолияға, Ресейге, Солтүстік Кореяға, Вьетнамға және Орталық Азия елдеріне тікелей жөнелтіле алады.

 

 

Қытайдың негізгі жағалау порттарында, оның ішінде Бохай шығанағы, Янцзы және Чжуцзян өзендерінің атыраулары, сондай-ақ Тонкин шығанағындағы порттарда жүк айналымы қарқынды түрде өсуде. Бірқатар порттардың жылдық жүк айналымының өсімі 10%-дан асып кетті.

 

 

Есепке сәйкес, 2023 жылы Қытайда жылдық жүк айналымы 200 миллион тоннадан асатын 23 жағалау порты болды. Олардың арасында Нинбо-Чжоушань порты жүк айналымы 1,32 миллиард тоннамен көш бастап тұр.

 

 

Әсерлі жүк айналымы Қытайдың жағалау порттарындағы теңіз навигациясын қамтамасыз ету жүйесінің үздіксіз жетілдіріліп жатқанын көрсетеді. Ел әлемдегі ең ірі теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету механизмін құрды. Қытай Көлік министрлігінің мәліметтері бойынша, 2013 жылдан 2023 жылға дейін Қытайдағы жағалаудағы навигациялық белгілер саны 68,8%-ға өсіп, 20,6 мыңға жетті. Олардың барлығы «Бэйдоу» спутниктік навигациялық жүйесінің негізінде қашықтықтан өлшеу және басқару функциясымен жабдықталған. Электронды теңіз карталарын толық пайдалану кезеңіне көшіп, олар онлайн режимінде жарияланып, нақты уақыт режимінде жаңартылуда. 2023 жылы Қытайдың жағалау аймақтарының 4,92 миллион электронды теңіз картасы шығарылды.

 

 

Сонымен қатар Қытай 23 спутник мониторинг станциясы мен 75 тұрақты жұмыс істейтін базалық станцияны қамтитын «Бэйдоу» жағалау жерүсті сигналдарын күшейту жүйесін құрды. Бұл жүйе сантиметрлік дәлдіктегі навигацияны қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, судағы қауіпсіз байланыс желісі құрылып, ол Жаһандық теңіз апаты және теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің бір бөлігіне айналды. Елде 4G/5G және спутниктік байланыс технологиялары белсенді енгізіліп, спутниктік кең жолақты байланыстың өткізу қабілеті үнемі артып келеді.

 

 

Есепте айтылған болжамға сәйкес, Қытайдың жағалау порттарының жүк айналымы мен сыртқы сауда теңіз жүк тасымалының көлемі тұрақты өсімін сақтайды. 2024 жылы елдің жағалау порттарындағы сыртқы сауда жүк айналымы шамамен 5,1 миллиард тоннаға жетіп, жылдық өсім шамамен 3,2%-ды құрайды деп күтілуде.

 

 

Қытайдың Көлік министрлігіне қарасты Су көлігі ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Ли Цин ұзақ мерзімді перспективада теңіз порттары мен теңізде жүктерді тасымалдауда жасанды интеллект, 5G және үлкен деректер сияқты технологияларды енгізу процесін жеделдету қажет деп есептейді. Бұл порттық хабтарды тиімді және жоғары өнімділікпен дамытуға, жағалау порттарының цифрлық, интеллектуалды және экологиялық жаңғыртылуына және олардың кешенді әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

 

Дереккөз: «Жэньминь жибао» онлайн газеті