2025 жылғы 10 сәуірде Астана қаласындағы «Шератон» қонақ үйінде «Сенің арқаңда әлем көркем – Гуанчжоу – 2025» халықаралық фотобайқауының таныстырылымы және ресми ашылу рәсімі өтті. Шара ағымдағы жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған іс-шаралар сериясының бастауы болды.
Іс-шара Гуанчжоу қаласы Халық үкіметінің Бұқаралық ақпарат бөлімінің бастамасымен өткізілді. Ұйымдастырушылар – Қытайдың Халықаралық коммуникациялар орталығы, Еуропа мен Азияға хабар тарату орталығы (Жэньминь Хуабао баспасы) және Шет тілдерінде әдебиет басып шығару істері жөніндегі басқарма. Қазақстан тарапынан серіктес ретінде Қытайды зерттеу орталығы қолдау көрсетті.
Кездесуге ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, екі елдің мәдениет, экология, өнер және фотоөнер саласындағы сарапшылары, ЖОО оқытушылары, іскерлік орта мен қытай диаспорасының мүшелері қатысты.
Қонақтарға арнаған сөзінде ҚХР-дың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Синь Фанфан, Гуанчжоу қаласы Коммунистік партиясы Тұрақты комитетінің мүшесі Ду Синьшань және Астана қаласы әкімдігінің Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Омиурзак Тлеужан мәдени байланысты нығайтудың және «жасыл» ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
ҚХР Шет тілдерде әдебиет тарату істері жөніндегі басқарма жанындағы Халықаралық коммуникациялар орталығы бас редакторының орынбасары Инь Цзе фотобайқаудың мақсаттарын таныстырып, қатысу шарттарын түсіндірді. Проморолик көрсетілгеннен кейін байқаудың ресми басталуын білдіретін лентаны қонақтар салтанатты түрде қиды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Қазақстандағы Қытайды зерттеу орталығына «Қытайды түсіну» атты кітаптар сериясы табысталды. Қонақтар фотокөрмені тамашалап, Қытайдың заманауи даму бағытына арналған басылымдармен танысып, Гуанчжоу асханасының ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Шараның басты мақсаты – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған экологиялық өркениет тұжырымдамасын ілгерілету, Гуанчжоу және Гуандун–Сянган–Аомэнь Ұлы шығанағы аймағының жасыл дамуы туралы халықаралық қауымдастыққа кеңінен ақпарат беру, сондай-ақ Қытай мен Қазақстан арасындағы достық байланыстарды тереңдету.