2024 жылдың 27-28 қыркүйегінде Шанхайда «Жарқын болашаққа арналған ортақ үй» атауымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 5-ші Талдау орталықтарының форумы өтті. Бұл іс-шараға Қытайды зерттеу орталығының өкілі, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше елдердің жетекші сарапшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және басқа елдерден келген серіктестер қатысты.
2020 жылдан бастап жыл сайын өтетін форумды Шанхай саяси ғылымдар және құқық университеті мен Қытай халықаралық зерттеулер институты ұйымдастырады. Биылғы форум Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуына, сондай-ақ 2025 жылы Қытайдың ШЫҰ-ға төрағалық етуіне және ұйымның 25 жылдығының жақындауына орай ұйымдастырылды.
Форумның ұйымдастырушыларының қатарында ШЫҰ-ның Халықаралық құқықтық оқыту және ынтымақтастық орталығы, Қытай халықаралық зерттеулер институты және Қытай ШЫҰ зерттеу орталығы да болды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ШЫҰ-ның қарқынды дамуы мен нығаюының қорытындысын шығару, туындап отырған мәселелер мен сын-тегеуріндерді талқылау, сондай-ақ ұйымның болашақтағы даму бағыттары мен мүмкіндіктерін айқындау болды.
Форум барысында жаһандық басқару, қауіпсіздік, әлемдік даму және өркениет мәселелері, сондай-ақ ШЫҰ мен батыстық серіктестер арасындағы ынтымақтастық және өзара әрекеттесу тақырыптары қарастырылды. Орталық Азияның ұлы державалардың геосаяси бәсекелестігі аясындағы рөліне ерекше назар аударылды.
Қытайды зерттеу орталығының өкілінің қатысуы ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын тереңдетуге, халықаралық қатынастар мен аймақтық дамудың маңызды мәселелері бойынша пікір алмасуға және тәжірибе бөлісуге ықпал етті. Форум ШЫҰ елдері «отбасымен» байланыстарды нығайтуға және ұйымның халықаралық аренадағы рөлін күшейтудің жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.
Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше елдердің жүзден астам өкілі, оның ішінде Хатшылық басшылары, жоғары лауазымды саясаткерлер, дипломаттар, сондай-ақ талдау орталықтарының ғылыми қызметкерлері мен басшылары қатысты. Форум ортақ мақсаттар мен өңірдің тұрақты дамуына қол жеткізу үшін сындарлы диалог пен ынтымақтастықтың маңыздылығын тағы да дәлелдеді.