СОҢҒЫ
МАҚАЛАЛАР

Іс-шаралар Қытай модернизациясын зерттеу орталығының ашылу салтанаты

Қытай модернизациясын зерттеу орталығының ашылу салтанаты

06.11.2023
Бүгін Қазақстандағы Қытай модернизациясын зерттеу орталығының ашылу салтанаты Қазақстан мен Қытай арасындағы аналитикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңін көрсетті. Орын алған шараға ғалымдар, дипломаттар мен екі елдің министрліктерінің өкілдері мен қоғам қайраткерлері Назарбаев Университетінің қабырғасында жиналды.
Осы ретте Қытайдың модернизациясын зерттеу орталығының ашылу салтанатына екі елдің ресми өкілдері қатысып, бірінші болып ҚКП ОК үгіт-насихат бөлімінің министрінің орынбасары Ван Ган мырза құттықтау сөз сөйледі. «Қытайды модернизациялау жөніндегі Шетелдік ғылыми-зерттеу орталығын (Қазақстан) құру уақытылы келді және үлкен маңызға ие. Орталықтың құрылуы Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың қол жеткізген маңызды консенсусты жүзеге асыру үшін маңызды шара және батыл жаңалық болып табылады. Орталық, тұлғааралық және мәдени алмасуларды нығайтады және екі ел арасындағы сараптамалық орталықтар ынтымақтастығындағы тағы бір сенімді қадамды көрсетіп отыр. Орталық екі елдің құзырлы органдары мен серіктестерінің бірлескен күш-жігері арқылы сараптамалық орталықтары арасында ғылыми алмасулар жүргізу, даму тәжірибесімен алмасу, өркениеттер арасындағы өзара білім алуға жәрдемдесу үшін тиімді платформа жасайды деп күтілуде. Қытай мен Қазақстанның, тіпті аймақтағы елдердің дамуы мен сапалы бірлескен құрылысына ықпал етуді көздейді. «Бір белдеу, бір жол» қуатты интеллектуалдық қолдау көрсетеді», – деп атап өтті ҚХР делегациясының құрметті басшысы.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Вице-министрі Ысқаков Қ.Ж. ҚХР-дан келген мәртебелі делегаттарды жылы лебізбен қарсы алып, құрылып жатқан орталықтың ашылу салтанатының орнының символдық маңыздылығын атап өтті, өйткені осыдан тура он жыл бұрын Назарбаев Университетінде ҚХР-ның құрметті Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның тікелей қатысуымен  «Бір белдеу, бір жол» идеясы өз бастауын алған еді. «Бұл бастама елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға жақсы серпін берді. Бұл байланыстар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында нығайып келеді. Сондай-ақ Қытайдың модернизациясын зерттеудің қазақстандық орталығының ашылуы әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастыққа тиімді әсер етеді деп сенеміз. Бұл Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының деңгейін көтеруге және түрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді», – деді Вице-министр мырза өз сөзінде.
Назарбаев Университеті тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ерекше атап өткен жөн, өйткені соңғы бір жылда ғана ҚХР-дан 16-дан астам делегация университетте қонақта болып, ҚХР жетекші университеттерімен 6-дан астам белсенді ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол жеткізіліпті, жақын арада Назарбаев Университетіне академиялық бағдарламаларды іргелендіру мақсатында тағы 2 сарапшылардың делегациясы көзделу үстінде. Бұл жаңалықпен Назарбаев Университетінің Студенттер істері және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Вице-президенті Қадиша Даирова ханым бөлісті. Вице-президенттің пікірінше, елімізде құрылған Қытай модернизациясын зерттеу орталығы екі ұлттың түсінігін қалыптастырудағы қозғаушы күшке және дамудағы тың идеялардың генераторына айналуы тиіс. «Орталық адам әлеуетін және Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын дамытуға мүмкіндік беретін өзіндік «Ақыл-ой» орталығына айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті Қ. Дайырова.
Айта кетерлігі, Қытай модернизациясын зерттеу орталығының ресми ашылу салтанатына Қазақстан Республикасындағы Қытай елшілігінің уақытша сенімді өкілі Сын Фанфан ханым, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша дииректор орынбасары, Ерік Әшімов, сондай-ақ Қытайды зерттеу орталығының директоры Г. Шаймергенова да қатысты. Салтанатты шараның жоғары мәртебелі қонақтарының әрқайсысы құттықтау сөз сөйлеп, Орталықтың ашылуы екі ел арасындағы мәңгілік стратегиялық серіктестікті құрудың тағы бір қозғаушы қолданбалы құралы болуына сенімдерін білдірді.
Аталмыш жобаның негізгі ұйымдастырушыларының бірі Қытайды зерттеу орталығы шараның барлық қатысушылары мен бірлесіп ұйымдастырушыларына шексіз алғысын білдірді. «Құрылып жатқан Қытай модернизациясының зерттеу орталығы заманауи тенденцияларына қатысты зерттеулер мен оқыту алаңын ұсына отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және тәжірибе алмасудың маңызды катализаторы болуды көздейді», – деп атап өтті Қытай зерттеу орталығының директоры Гүлнәр Шаймергенова.
Жалпы, Қазақстандағы Қытай модернизациясын зерттеу орталығы екі ел арасындағы өзара түсіністікті тереңдету және серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Ол Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік белестерін кеңейтуге көмектесетін ғылыми-зерттеу орталығы ғана емес, мәдени алмасу үшін түрткі болуды көздеп отыр.