СОҢҒЫ
МАҚАЛАЛАР

Саясат • Мемлекет басшысы «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі

Іс-шара басталар алдында қатысушылар Маңғыстау облысында қайғылы қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігі берік тарихи негізге ие екенін және тату көршілік пен өзара сенім рухында сенімді дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қытай Халық Республикасының аса құрметті Төрағасы, менің жақын досым, мырза Си Цзиньпиннің жеке назары мен берік қолдауы екіжақты қатынастарды бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерді. Қазақ-қытай ынтымақтастығы жаңа «алтын отызжылдықта» барлық негізгі салада жан-жақты сипат алды. Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы рекордтық 50 млрд долларға жуықтады. Біздің үкіметтер өзара сауданы 100 млрд долларға дейін ұлғайту бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестициялық ынтымақтастық та сенімді серпін көрсетіп отыр. Қытай Халық Республикасы дәстүрлі түрде Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың қатарына кіреді, жиынтық салым көлемі 29 млрд доллардан асады. Қазақстанда қытай қатысуымен тоғыз мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр – бұл елімізде тіркелген әрбір жетінші шетелдік компанияға жуық, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалаларды» дамыту, спутниктік технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру сияқты салаларда серіктестік жүйелі түрде нығайып келе жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды құқықтық негізі инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы Келісімді ратификациялау болды.

– Іскерлік байланыстарды кеңейтуде елдеріміз арасында орнатылған визасыз режим де елеулі үлес қосып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда ауқымды инвестицияларды тарту және ірі жобаларды іске асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасалғанын сеніммен айтуға болады. Биылғы 1 шілдеде күшіне енген Конституцияның негізгі ережелері елдің инвестициялық әлеуетін нығайту үшін қуатты құқықтық іргетас болып табылады. Инвестициялық қызметтің ережелері мен мемлекеттік сүйемелдеу сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге біз айрықша мән береміз. Осы мақсатта Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бас прокурорға инвестициялық омбудсмен функциялары жүктелді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың терең трансформациясы жағдайында Қазақстан мен Қытай өзара сенімге, ашықтыққа және ұзақ мерзімді мүдделердің ортақтығына негізделген заманауи әрі тиімді жасампаз ынтымақтастық моделін ұсына алатынын айтты. Осыған байланысты сөзінде екі елдің одан әрі өзара тиімді серіктестігінің басым бағыттары айқындалды. Ең алдымен Президент көлік және логистика саласына тоқталды.

– Халықаралық серіктестермен бірге біз теміржол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтіп, жүк авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстырған логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Логистикалық желінің жаңа маңызды буыны Чэнду қаласындағы қазақ-қытай терминалы болады, онда Қазақстанның Бас консулдығын ашу жоспарланған. Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының заманауи конфигурациясын қалыптастыратын Орта дәлізді дамыту басым міндет деп санаймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі форумға транзиттік хабтардың өткізу қабілетін кеңейту жұмысына қазірдің өзінде белсенді тартылған компаниялар қатысып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, болжам бойынша 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздар саны үш мыңға дейін өседі. Бұл Қазақстанның жаһандық логистикалық тізбектердегі ең маңызды көлік хабтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтады.

– Бірқатар бірлескен бастамалар қазірдің өзінде нақты сипат ала бастады. Биыл тамыз айында мен Арал–Каспий автомагистралінің құрылысын бастадым. Жаңа маршрут Шығыс – Батыс бағытының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Жақын уақытта Мойынты – Қызылжар және Бақты – Аягөз теміржол желілерінің ауқымды құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығы «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында цифрлық технологияларды бірлесіп енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Minmetals Logistics қытай корпорациясымен әріптестікте ұшқышсыз көлік технологиялары мен цифрлық шешімдерге негізделген логистикалық дәліз құрылуда. Бұл – еліміз үшін бірегей жоба. Біз мультимодальды тасымалдарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ұлттық әуе жүк тасымалдаушысы Alatau Air Cargo жұмысын бастады. Қазақстан нарығына Cathay Pacific Cargo және басқа да ірі әлемдік жүк әуе компаниялары шығып жатыр. Азаматтық авиация да кем түспейтін маңызды рөл атқарады. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Ақтау – Үрімші рейстері ашылды. Осы аптада алғашқы тікелей жолаушылар бағыты Алматы мен Чунцин қалаларын байланыстырды, – деді Мемлекет басшысы.

Одан әрі Президент өнеркәсіптік ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл салада жалпы құны 62 млрд доллардан асатын 260 ірі бірлескен жобадан тұратын портфель қалыптасқан.

– Қытай кәсіпорындарының қатысуымен Алматыда автомобиль кластері дамып жатыр, Қарағанды облысында кремний өндірісі құрылуда, металлургияда, мұнай-газ химиясында және энергия жинақтау жүйелерінде жобалар іске асырылуда. Төмен өнімді мұнай ұңғымаларын оңтайландыру және қалпына келтіру бойынша алғашқы жобалар іске қосылуда. Ақтөбе облысында Jinyi Holding Group қытай компаниясымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін арнайы индустриялық аймақ пилоттық режимде құрылуда. Ауыл шаруашылығы-өнеркәсіп кешеніндегі келісімдеріміз нақты мазмұнға ие болуда. Атап айтқанда, Lihua, Fufeng, Dalian Hesheng Holdings компанияларының тік интеграцияланған мақта-тоқыма кластерін құру, жүгері мен астықты терең өңдеу жөніндегі якорлық жобаларын бөлек атап өтемін. Бұл – серіктестігімізді жаңа деңгейге шығаруға, жекелеген инвестициялық жобаларды іске асырудан Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Кавказ және Еуропа елдерінің нарықтарына бірлесіп шығатын толыққанды өндірістік экожүйелерді қалыптастыруға жақсы негіз. Осыған байланысты «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Үкімет қытайлық серіктестермен бірлесіп перспективалы жобалардың пулын қалыптастырып, оларды іске асыруға жедел кірісуі қажет, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

Мемлекет басшысы келесі басымдық ретінде тау-кен металлургия кешеніндегі ынтымақтастықты атады. Оның айтуынша, Қазақстанда уран, мыс, алтын, көмір, сындарлы минералдар мен сирек жер металдарының елеулі қоры бар.

Сөзінде цифрландыруға ерекше назар аударылды. Президент Қазақстан әлемнің барлық жетекші технологиялық орталықтарымен өзара іс-қимылға ашық екенін атап өтті.

– Биыл Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Дүниежүзілік ұйымның құрылтайшыларының қатарына кіріп, осылайша технологиялық өзара іс-қимылдың жаңа халықаралық платформасына қатысушы болды. Бұл бастама ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге тиесілі. Қазақстан технологиялар трансферіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделі. Біз жаңа буын кадрларын даярлауға үлкен мән беріп отырмыз. Елордамызда алғашқы Қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің жемісті технологиялық серіктестігіміздің жарқын көрінісіне айналып отырған Alatau City Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы іскерлік белсенділіктің қуатты полюсі болуға тиіс, – деп жалғастырды Мемлекет басшысы.

Президент мұндай бастамаларды іске асыру тиісті қаржылық архитектураны қажет ететініне назар аударды. Ол форум қатысушыларына Қазақстанда көп жылдан бері Астана халықаралық қаржы орталығы табысты жұмыс істеп келе жатқанын айтты.

– АХҚО-ның әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі – Гонконгпен өзара іс-қимылын дамытуда үлкен әлеует көріп отырмыз. Биыл қыркүйектің басында «Самұрық-Қазына» қоры Орталық Азия мен ШЫҰ елдері эмитенттерінің ішінде алғаш болып Қытайдың банкаралық нарығына шығып, 3 млрд юаньнан астам сомаға (450 миллион доллар) панда-облигациялар шығарды. Қазақстан бүкіл инвестициялық циклді барынша қысқа, ашық және технологиялық тұрғыдан тиімді етуді көздейді. Инвестиция тарту саласындағы ұлттық компания жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы Келісімге қол қою – осы бағыттағы кезекті маңызды қадам, – деп есептейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

 

Мемлекет басшысының пікірінше, қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтарының тікелей өзара іс-қимылы үшін тұрақты алаңға айналуға тиіс.

– Оны жыл сайын қыркүйекте «Қазақстан – Қытай» Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен өткізуді ұсынамын. Бүгін бірқатар нақты уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл уағдаластықтар тек Қазақстан мен Қытайдың ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығының орнықты дамуына да игілік әкелетініне сенімдімін, – деп ұсынды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көрші Қытаймен мәңгілік достықты нығайтуға және түрлі салалардағы ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастықты серпінді дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.

– Бұл біздің еліміз үшін сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға жүгінсек, қытай халқы біздің халқымызға ешқашан зиян келтірген емес. Көп жылдар бойы екі халық өзара құрмет сақтап, қолдау көрсетіп, шынайы үйлесімде өмір сүрді. Қазіргі тұрақсыз әрі белгісіз уақытта Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде көптеген сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін бірлесе, иық тіресе әрекет етуі керек. Қытай тілінде мынадай мағыналы мақал бар: 人心齐,泰山移 «егер адамдар біріксе, Тайшань тауын да орнынан қозғайды». Қазақстан мен Қытай екі достас әрі көршілес мемлекет ретінде кез келген істі бірлесіп табысты жүзеге асыра алатынына сенімдімін, – деп сөзін қорытындылады Президент.

 

 

 

Дереккөз: akorda.kz