СОҢҒЫ
МАҚАЛАЛАР

Заманауи Қытай ІРГЕ ЖӘНЕ КӨРШІ ЕЛДЕРМЕН ЖАЛПЫ ТАҒДЫР ҚАУЫМДАСТЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ: ҚЫТАЙ ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ

ІРГЕ ЖӘНЕ КӨРШІ ЕЛДЕРМЕН ЖАЛПЫ ТАҒДЫР ҚАУЫМДАСТЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ: ҚЫТАЙ ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ

Бейжіңде өткен Қытайдың көршілес елдермен жұмыс жүргізу жөніндегі орталық жиналысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы және Орталық әскери кеңестің төрағасы Си Цзиньпин бағдарламалық сөз сөйледі. Ол өз сөзінде көршілес мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын құруға шақырды. Қытай 14 мемлекетпен шекараласады, бұл көрсеткіш бойынша ол әлемдегі ең көп құрлықтық көршісі бар елдердің бірі.

 

Си Цзиньпиннің сөзінде қандай негізгі акценттер мен саяси сигналдар айтылды? Ең алдымен, көрші елдерге қатысты Қытайдың сыртқы саясаты жаңа, жүйелі деңгейге өтетіндігі туралы нақты белгі берілді. Сондай-ақ көршілес өңірлерге жаһандық көзқарас қажеттігі атап өтіліп, нақты тұжырымдалған ұстаным жарияланды: ұлттық қауіпсіздік, орнықты даму және жоғары деңгейлі дипломатия аясында көршілермен жұмыстың басымдыққа ие екендігі.

 

Қытай стратегиялық өзара сенімді тереңдетуге, көрші мемлекеттердің өз даму үлгісін таңдаудағы егемен құқығын қолдауға және келіспеушіліктерді диалог арқылы шешуге ниетті. Мұндай сыртқы саясат үлгісі конфронтациялық тәсілдерден өзгеше, әрі серіктестік пен өзара қолдауға негізделген тұрақты және прагматикалық өзара әрекеттестік жолын ұсынады.

Бұл бастама Қазақстан үшін ерекше маңызға ие – елдің стратегиялық орны мен даму көкжиегінің кеңеюі тұрғысынан алғанда.

 

Саяси диалог пен стратегиялық сенімді тереңдету. Қытаймен ең ұзын құрлықтық шекараға ие Қазақстан Қытайдың «достық, шынайылық, өзара тиімділік және жан-жақтылық» саясаты архитектурасында ерекше орын алады. Көшбасшылар дипломатиясының рөлін арттыру — бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Төраға Си Цзиньпин арасындағы тұрақты жоғары деңгейдегі кездесулердің маңызын одан әрі арттырады. Бұл келісілген стратегияларды әзірлеу мен халықаралық бастамалар аясында күш-жігерді үйлестіру үшін аса маңызды болмақ.

 

Интеграциялық дамудың жаңа толқыны. Си Цзиньпин жоғары деңгейдегі өзара байланыс желісін құру қажеттігін атап өтті. Бұл Қазақстан үшін «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында көлік-логистикалық әлеуетті кеңейту, бірлескен өнеркәсіптік аймақтарды дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және өндірістік-бөлістіру тізбектерін нығайтуға жол ашады. Бұл тұрғыда «Цифрлық Жібек жолы» жобасы мен Транскаспий бағыты сияқты трансөңірлік дәліздерді қалыптастыруға Қазақстанның қатысуы ерекше маңызға ие.

 

Қауіпсіздік — ортақ міндет. Аймақтық сенімге, көпжақты консультацияларға және қауіпсіздік тетіктерін дамытуға негізделген азиялық қауіпсіздік моделі алға шығарылады. Мұнда диалогқа негізделу, блоктық ойлаудан бас тарту және әртүрлілікті құрметтеу басты қағидалар ретінде атап өтіледі.

 

Дамудың дербес жолын қолдау. Қытай өз даму моделін таңуға қарсы екенін нақты көрсетіп отыр. Бұл ұстаным Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына толық сәйкес келеді және елге халықаралық стратегиясының басқа бағыттарымен қайшылыққа түспестен, орнықты екіжақты қарым-қатынастарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

Гуманитарлық алмасулар мен мобильділікті кеңейту. Адамдардың жүріп-тұруын жеңілдету, мәдени, академиялық және жастарға арналған бағдарламаларды кеңейту Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады: білім беру байланыстарын нығайту, туристік ағымдардың артуы, Қытай бойынша жаңа буын сарапшыларын қалыптастыру.

Мұнда тек Қытаймен екіжақты қарым-қатынастар туралы ғана емес, өзара байланысқан дамудың тұтас кеңістігін құру туралы сөз болып отыр. Пекин көршілес елдерді өңірлік тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етуде стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Өңір елдері жай ғана көрші емес, Қытайдың жаһандық көзқарасын іске асыруда — энергетикалық қауіпсіздіктен бастап, цифрлық трансформация мен орнықты дамуға дейін — негізгі қатысушыларға айналуда.

 

Ортақ тағдыр қауымдастығын құру — бұл тек риторика емес, нақты саяси бағдар. Осы вектор аясында Орталық Азия өз егемендігін нығайтып, халықаралық аренадағы маңыздылығын арттырып, жаңа экономикалық және технологиялық тізбектерге тең құқықты түрде кіріге алады.

 

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған тұжырымдама — бұл бір жағынан сын-қатер, екінші жағынан — бірегей мүмкіндік. Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін бұл геосаяси тұрақсыздықтың артуы аясында Қытаймен стратегиялық серіктестікті нығайту перспективаларын ашады. Алайда бұл бағыттағы табыс көп жағдайда өңір елдерінің өз ұлттық мүдделерін анық әрі дәйекті түрде қорғау қабілетіне, инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңғыртуға, интеграциялық процестерді жандандыруға және Бейжінмен ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұстаным ұстануына байланысты болмақ.

 

Төраға Си Цзиньпиннің бастамасы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымымен тығыз үндеседі, ол Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық әріптестікті тереңдетуді бірнеше рет басымдық ретінде атап өткен болатын. Қазақстан Президентінің айтуынша, қазақ-қытай «мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігі» қарқынды дамып, ұзақ мерзімді болашаққа бағытталған. Президент Тоқаев ҚХР Төрағасының биыл маусым айына жоспарланған Астана қаласына сапары мен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитіне қатысуы екіжақты стратегиялық ынтымақтастық көкжиегін кеңейтудегі маңызды кезеңге айналады деп сенім білдіреді.

 

Пекин көршілестік, тұрақтылық және ортақ өркендеу аймағын қалыптастыруға стратегиялық белсенділік танытып отыр, бұл бастамаға «ортақ тағдыр қауымдастығы» тұжырымдамасы негіз болады. Бұл – өзара сенімге, егемендікті құрметтеуге және ортақ даму қағидаттарына сүйенетін халықаралық қатынастардың баламалы парадигмасы. «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдер үшін бұл тек ауқымды инфрақұрылымдық және институционалдық ресурстарға ғана емес, сонымен қатар жаһандық тұрақсыздық жағдайында қауіпсіздік архитектурасына қол жеткізудің жаңа мүмкіндігі.

 

Осы тұрғыда жиналыста айтылған тұжырымдар Қытайдың қазіргі сыртқы саясатының қорытындысы емес, керісінше, жаңа тәртіпті бірлесе құруға бағытталған стратегиялық үндеу ретінде қарастырылуы тиіс. Оның негізінде тұрақтылық, өзара сенім, инклюзивтілік және өзара тиімді даму секілді іргелі қағидалар жатыр — бұл қағидалар көршілес елдермен мемлекетаралық қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге қабілетті.

 

Қытайды зерттеу орталығы