2024 жылдың 18-24 қараша күндері аралығында Қытайды зерттеу орталығы екі маңызды халықаралық форумға қатысты, атап айтсақ – Гуйян қаласында өткен «Understanding China, Listening to the World» және Гуанчжоу қаласындағы «21st Century Maritime Silk Road». Бұл іс-шараларды Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің халықаралық бөлімі, Қытайдың қазіргі заманғы әлемді зерттеу орталығы (CCCWS), сондай-ақ провинциялық құрылымдар мен талдау ұйымдары ұйымдастырды. Сапардың мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты нығайту, Қытайдың технологиялық жаңғыртудағы жетістіктерін насихаттау және «Бір белдеу, Бір жол» бастамасы аясында серіктестік мүмкіндіктерін талқылау болды.
Гуйян қаласындағы форум алғашқы маңызды шара болып, оған 50-ден астам елдің өкілдері – көшбасшылар, сарапшылар, кәсіпкерлер және журналистер қатысты. Талқылау тақырыбы – ғаламдық дамудың негізі ретінде тереңдетілген реформа және ашықтық болды. Форум барысында Қытайды зерттеу орталығының өкілі жоғары сапалы өсу мен тұрақты дамудың маңыздылығына назар аударып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бастамаларына негізделген көзқарасын ұсынды. Қазақстанның экономикасын әртараптандыру, технологиялық жаңғырту және білім беру жүйесін реформалау саласындағы жетістіктері атап өтілді. Қатысушылар Қазақстанның инновациялар мен Қытаймен серіктестікке негізделген тұрақты экономикалық модель құрудағы рөлін жоғары бағалады. Инфрақұрылым, энергетика және логистика саласындағы 21 миллиард доллардан астам сомаға жүзеге асырылған бірлескен жобалар, сондай-ақ 2023 жылы көлемі 41 миллиард долларға жеткен екіжақты сауда жетістіктері аталып өтті.
Гуйчжоу провинциясындағы инфрақұрылымдық нысандарға барған кезде делегацияға Қытайдың көпірлер салу және көліктік интеграция саласындағы жетістіктері көрсетілді. Мысалы, Балин өзені арқылы өтетін көпір өңірлік дамуды жеделдету, қолжетімділікті арттыру және көлік шығындарын азайту үшін ойластырылған көлік жоспарлауының үлгісі ретінде көрсетілді. Сонымен қатар, делегация Ұлттық эксперименттік үлкен деректер аймағындағы тәжірибе алмасу орталығына барды. Бұл нысан өңір экономикасына инновацияларды табысты енгізудің үлгісі болып табылады, мұнда цифрлық экономика ЖІӨ-нің елеулі бөлігін құрайды. Қалдықтарды өңдеу және процестерді цифрландыру саласындағы жобалар тиімді басқаруды арттыру мен тұрақты дамуды ынталандырудағы технологиялардың рөлін көрсетті.
Екінші маңызды іс-шара Гуанчжоу қаласындағы Форум болды, ол «Бір белдеу, бір жол» бастамасын Глобалдық Оңтүстік елдерінің даму контексінде іске асыруға арналды. Қытайды зерттеу орталығының өкілі аймақтарды интеграциялау және жаһандық жеткізу тізбектерін нығайту үшін көлік дәліздерінің стратегиялық маңызы мен логистиканы цифрландыру туралы баяндама жасады. Құрғақ порт Хоргосты дамыту, теміржолдарды жаңғырту және мультимодальды логистикалық тораптарды құруды қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобалардың сәтті мысалдары келтірілді. Бұл жобалар экономикалық өсуге ықпал етіп, екіжақты байланысты нығайтты және Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік торапқа айналдырды. Ерекше назар технологиялық трансферлер мен тұрақты даму саласындағы бірлескен әзірлемелерге, соның ішінде жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларға аударылды.
Бұл іс-шараларға қатысу Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы стратегиялық маңызын растады. Бұл елдің жетістіктерін таныстыруға ғана емес, сонымен қатар түрлі мемлекеттер мен ұйымдардың өкілдерімен жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Қытаймен ынтымақтастықтың одан әрі дамуының перспективалары, оның ішінде инфрақұрылымға инвестициялар, цифрлық экономиканы кеңейту және мәдени өзара іс-қимылды тереңдету мәселелері талқыланды.
Қазақстан тұрақты өсуге, экономикалық интеграцияға және инновацияларға бағытталған халықаралық бастамаларға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Сапар қорытындысы бойынша Қытаймен ынтымақтастық Қазақстанның экономикалық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны, инвестиция тартуға ықпал ететіні және оның жаһандық экономикадағы рөлін нығайтатыны айқын болды.
Қытайды зерттеу орталығы, Астана қ.