СОҢҒЫ
МАҚАЛАЛАР

Іс-шаралар БЕЙЖІҢДЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕФОРМАЛАР МЕН ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ.

БЕЙЖІҢДЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕФОРМАЛАР МЕН ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ.

Бейжіңде «Қазақстан достары клубының» жетінші отырысы өтіп, онда қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен қазақ-қытай ынтымақтастығының алдағы мүмкіндіктерін талқылады. Жиынға ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі (вице-министр дәрежесінде) Лю Бинь, Қазақстандағы бұрынғы Қытай елшілері Яо Пэйшэн мен Лэ Юйчэн, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу орталықтарының және академиялық топтардың өкілдері қатысты.

 

Шілде айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асырудың маңыздылығы ерекше аталды. Бұл келісімдердің сәтті орындалуы екіжақты қарым-қатынасқа қосымша серпін беретініне назар аударылды. «Қазақстан достары» клубының мүшелері саясат, сауда, инвестициялар және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың жаңа мүмкіндіктері туралы пікірлерімен бөлісті.

 

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев сөз сөйлеу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалардың негізгі мақсаттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, екі ел арасындағы бір жылдық ынтымақтастықтың қорытындыларын шығарды. Елші Қытайдың Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала беретінін атап өтті: ҚХР Бас кедендік басқармасының дерегі бойынша, осы жылдың 11 айы ішінде екіжақты тауар айналымы 40,1 млрд АҚШ долларынан асып (өсім 8,7%), жаңа рекордқа жетті.

 

Отырысқа қатысушылар «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістерге жоғары баға берді. Өз кезегінде ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар барлық салаларда ынтымақтастықтың қарқынды дамуына ықпал ететінін атап өтіп, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматы сияқты көпжақты құрылымдар аясындағы серіктестіктің аймақтық қауіпсіздік, тұрақтылық және ортақ даму үшін маңызын ерекше атап көрсетті.

 

Анықтама: «Қазақстан достары клубы» 2015 жылы Қытайда ерікті негізде құрылды және мемлекеттік қайраткерлерді, сарапшыларды, бизнес пен ғылыми қауым өкілдерін біріктіреді.

 

Дереккөз: Посольство РК в КНР